FOODEXPO QAZAQSTAN 2026: ОРТА АЗИЯНЫҢ ҚАРҚЫНДЫ ДАМЫП КЕЛЕ ЖАТҚАН ТАМАҚ ӨНЕРКӘСІБІ НАРЫҒЫ АЛМАТЫДА БАС ҚОСАДЫ
2026 ЖЫЛҒЫ 11–13 ҚАРАША АРАЛЫҒЫНДА АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНДА «ТАМАҚ ӨНЕРКӘСІБІ» АТТЫ 28-ШІ ОРТА АЗИЯ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КӨРМЕСІ – FOODEXPO QAZAQSTAN 2026 ӨТЕДІ. БИЫЛ КӨРМЕ АЛҒАШ РЕТ 35 ЕЛДЕН 600-ДЕН АСТАМ КОМПАНИЯНЫ БІР АЛАҢҒА ЖИНАП, КӨРМЕ АУМАҒЫ 15 000 ШАРШЫ МЕТРДЕН АСПАҚ. БҰЛ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БИЗНЕСТІҢ ҚАЗАҚСТАН МЕН ОРТА АЗИЯ НАРЫҚТАРЫНА ДЕГЕН ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҒЫНЫҢ АРТЫП КЕЛЕ ЖАТҚАНЫН КӨРСЕТЕДІ.
Орталық Азия: тамақ өнеркәсібі үшін қарқынды дамып келе жатқан нарық
FoodExpo Qazaqstan көрмесінің кеңеюі өңірдегі тамақ өнеркәсібінің белсенді дамуымен қатар жүруде.
Қазақстанда 2025 жыл қорытындысы бойынша азық-түлік өндірісі 8,4%-ға, ал сусындар өндірісі 9,7%-ға өсті. Оң динамика 2026 жылы да жалғасты: бірінші жартыжылдықта азық-түлік өндірісі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда тағы 14,7%-ға артты.
Сонымен қатар Қазақстан ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге бағытталған жұмысты күшейтуде. 2025 жылы елімізде өңдеу саласында жалпы құны 120,4 млрд теңгені құрайтын 53 инвестициялық жоба пайдалануға берілді. 2026 жылғы қаңтар–сәуір аралығында саланың негізгі капиталына салынған инвестициялар 389 млрд теңгеден асып, екі еседен астам өсті. Өңделген өнім экспорты 3,6 млрд АҚШ долларына жетіп, оның агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің жалпы экспортындағы үлесі 51,4%-ды құрады.
Халықаралық өндірушілер үшін мұндай динамика дайын азық-түлік пен сусындарды жеткізуге ғана емес, ингредиенттер, технологиялық және өңдеу жабдығы, қаптама және тамақ өнеркәсібіне арналған өзге де шешімдер өндірушілеріне жаңа мүмкіндіктер ашады.
Осы өзгерістер аясында FoodExpo Qazaqstan Орта Азияның өсіп келе жатқан нарығына шығуға, дистрибьюторлар мен сауда серіктестерін іздеуге, жаңа өнімдерді таныстыруға және халықаралық ынтымақтастықты дамытуға арналған алаңға айналуда.
600-ден астам компания және FoodExpo Qazaqstan көрмесінің бес павильоны
2026 жылы FoodExpo Qazaqstan көрме аумағы мен халықаралық географиясы жағынан айтарлықтай өсімді көрсетеді.
Көрме экспозициясының аумағы алғаш рет 15 000 шаршы метрден асып, 35 елден 600-ден астам компанияны біріктіреді. FoodExpo Qazaqstan көрмесі «Атакент» ҚІЫО-ның бірден бес павильонында – № 7, 8, 9, 10 және 11 павильондарда орналасып, тамақ өнеркәсібінің негізгі бағыттарын ұсынады: азық-түлік пен сусындар; ингредиенттер, қоспалар мен дәмдеуіштер; тамақ өндірісіне арналған жабдықтар мен технологиялар; қаптама, ыдыс және заттаңбалар.
Көрменің мұндай ауқымы кәсіби келушілерге бір алаңда жаңа өнімдермен және брендтермен, сондай-ақ өндіріс, өңдеу және қаптама шешімдерімен танысуға мүмкіндік береді.
Азия елдері өз қатысуын айтарлықтай кеңейтеді
FoodExpo Qazaqstan 2026 көрмесінің негізгі ерекшеліктерінің бірі азиялық экспозицияның едәуір кеңеюі болады.
Вьетнам, Үндістан, Индонезия, Қытай, Малайзия, Сингапур, Оңтүстік Корея, Шри-Ланка, Жапония және өңірдің басқа да елдерінен келген өндірушілер мен жеткізушілер көрмеге кеңінен қатысады.
Қытайдың өзі азық-түлік, ингредиенттер, жабдық пен қаптама шешімдерін ұсынатын 100-ден астам компанияны таныстырады.
Халал бағытына ерекше назар аударылады. Индонезия, Малайзия және Сингапур компаниялары алғаш рет халал экспозициясы аясында өз өнімдерін ұсынады.
Азиялық компаниялар үлесінің артуы FoodExpo Qazaqstan көрмесінің халықаралық құрамдасын айтарлықтай күшейтіп, Азия өндірушілері мен Орта Азияның сатып алушылары, дистрибьюторлары және серіктестері арасында іскерлік байланыстар орнатуға қосымша мүмкіндіктер жасайды.
Еуропа, ТМД және Орта Азия елдері көрме географиясын кеңейтеді
FoodExpo Qazaqstan алаңына еуропалық компаниялардың белсенді қатысуы халықаралық нарықтағы сауда-экономикалық байланыстардың нығайып келе жатқанын көрсетеді. Еуропалық бағытты Германия, Италия, Польша, Швейцария және басқа елдердің технологиялар мен жабдық жеткізушілері таныстырады.
Биыл поляк өндірушілерінің ауқымды экспозициясына Польшаның Ауыл шаруашылығы және ауылдық аумақтарды дамыту министрлігі мен KOWR қолдауымен ұйымдастырылған ұлттық стенд аясындағы азық-түлік пен сусын жеткізушілері ғана емес, ингредиенттер, қаптама және жабдықтар ұсынатын компаниялар да қатысады.
Дәстүрлі түрде көрме алаңында ЕАЭО елдері компанияларының үлесі жоғары болады.
Ұжымдық экспозициялар аясында Ресей Федерациясының 21 өңірінен келген компаниялар таныстырылады. Олардың қатарында Брянск, Владимир, Калуга, Калининград, Киров, Новосібір, Омбы, Орынбор, Пермь, Пенза, Самара, Тамбов және Челябі облыстары; Башқұртстан, Татарстан, Удмуртия, Чувашия және Марий Эл республикалары; Краснодар өлкесі; Ханты-Манси автономиялық округі және Санкт-Петербург қаласы бар.
Қырғызстанның ұлттық тобын 20-дан астам азық-түлік және сусын өндірушісін біріктіретін жеке ұлттық стенд таныстырады. Сонымен қатар Беларусь Республикасының жетекші өндірушілері қатысатын экспозиция ұсынылады.
Орта Азияны Түрікменстанның кондитерлік өнім өндірушілері, Өзбекстанның тіскебасарлар мен тұздық өндірушілері, сондай-ақ Қазақстанның ет өнімдері мен бакалея тауарларын өндіретін жетекші компаниялары таныстырады.
FoodExpo Qazaqstan 2026 көрмесіне қатысатыны мәлімделген жетекші компаниялардың қатарында AI-CHA, «Бижан», Брест ет комбинаты, Deya, «Қарқын», «Мираторг», Mokate, «Савушкин продукт», «Санта Бремор», «Султан-Маркетинг», «Черкизово» және басқа да көптеген компаниялар бар.
Өнімнен технологиялар мен терең өңдеуге дейін
Азық-түлік өндірісінің өсуі мен өңдеу саласына салынатын инвестициялар FoodExpo Qazaqstan көрмесін дамытудың тағы бір маңызды бағытын айқындайды.
2026 жылы көрме аясында № 11 мамандандырылған технологиялық павильон ұйымдастырылып, онда агроөнеркәсіптік кешен өнімдерін өңдеуге арналған жабдық пен шешімдер шоғырландырылады. Экспозицияда сүт және ет өнеркәсібіне арналған технологиялар, құю желілері, нан-тоқаш және кондитерлік өнім өндіруге арналған жабдық, тағам ингредиенттері мен заманауи қаптама шешімдері ұсынылады.
Тағам ингредиенттері бағытына арнайы орын бөлінеді. Allwin, Rustark, Progast, CIS Market, Bart және басқа компаниялар өз өнімдерін таныстырады.
Нан-тоқаш және кондитерлік өнімдер өндірісіне арналған шешімдерді «Гамми», Adil, «Неос», Rodals, «Фаворит Техно», «Фуд Техника» және басқа компаниялар көрсетеді.
Осылайша, FoodExpo Qazaqstan дәстүрлі азық-түлік көрмесінен дайын өнімдерді, ингредиенттерді, өндірісті, өңдеуді, технологияларды және қаптаманы біріктіретін кешенді B2B алаңына айналуда.
Food Business Forum: нарық, бөлшек сауда және технологиялар
2026 жылдың маңызды жаңалықтарының бірі тамақ өнеркәсібі, FMCG және бөлшек сауданың өзекті мәселелеріне арналған жаңа кәсіби пікірталас алаңы – Food Business Forum 2026 болады.
Форум алғаш рет өндіріс, сауда желілері, дистрибуция және сарапшылар қауымдастығының өкілдерін нарықты дамытудың практикалық мәселелерін талқылау үшін бір алаңға жинайды. Форум нарықтарды бақылауға, бизнес-талдауға және салалық зерттеулерге маманданған INFOLine ақпараттық-консалтингтік агенттігімен серіктестікте өтеді.
11 қарашада Қазақстан мен Орта Азия азық-түлік нарығы, FMCG бөлшек саудасын дамыту, сауда желілерінің талаптары және жаңа өнімдерді нарыққа шығарудың практикалық мәселелері басты назарда болады.
12 қарашада тамақ өнеркәсібінде жасанды интеллект пен цифрлық шешімдерді қолдануға арналған AI & Digital Food Day өтеді. Іс-шарада бизнес-процестерді автоматтандыру мен AI жүйелерінен бастап логистиканы, сатуды және тауар ассортиментін басқаруға дейінгі мәселелер қамтылады.
Өндірушілер үшін іскерлік бағдарламаға қатысу нарық туралы өзекті ақпарат алуға ғана емес, бөлшек сауда талаптарын жақсырақ түсінуге және өңірдегі бизнесті дамытудың перспективалы бағыттарын айқындауға мүмкіндік береді.
FoodExpo Qazaqstan – Орта Азия мүмкіндіктеріне жол
Көрме экспозициясының кеңеюі, азық-түлік өндірісінің белсенді өсуі, өңдеу саласына салынатын инвестициялар және экспорттық қызметтің ұлғаюы жаңа өнімдер мен брендтерге, ингредиенттерге, технологияларға, жабдық пен қаптама шешімдеріне сұраныс қалыптастырады. Мұндай қызығушылық Орта Азияның бизнесті дамыту үшін стратегиялық бағытқа айналып келе жатқанын көрсетеді.
Халықаралық өндірушілер үшін FoodExpo Qazaqstan өз өнімдерін кәсіби аудиторияға таныстыруға, әлеуетті дистрибьюторлармен және сауда серіктестерімен байланыс орнатуға, нарық қажеттіліктерін зерделеуге және Алматыны Қазақстанда ғана емес, бүкіл Орта Азияда бизнесті дамыту алаңы ретінде пайдалануға мүмкіндік береді.
FoodExpo Qazaqstan 2026 көрмесі 11–13 қараша аралығында Алматы қаласындағы «Атакент» ҚІЫО-да өтеді.
FoodExpo Qazaqstan 2026 көрмесіне Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі, Алматы қаласының әкімдігі, Қазақстан құс өсірушілер одағы, ҚМҚМҚ, UCIMA және Қазақстан Республикасының «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы ресми қолдау көрсетеді.
Ұйымдастырушы – Қазақстанның Iteca көрме компаниясы және оның халықаралық серіктесі – ICA Events компаниялар тобы.



